18
май
2021
"Адалдық сағаты"
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі онлайн-дәрістер арқылы жастар арасында парасаттылық қағидаттарын ілгерілетуді жалғастыруда. Соның бірі "Адалдық сағаты".
«Адалдық сағатының» негізгі мақсаты – танымал тұлғалардың өмір және еңбек жолы арқылы өскелең ұрпақтың бойына парасаттылық құндылықтарын сіңіру және адалдық, әділдік, инабаттылық және сенім сияқты ең маңызды адамгершілік құндылықтарды дарыту.
Кезекті «Адалдық сағатының» қонағы қазіргі таңда қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген белгілі ақын Қалқаман Сарин болды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы, әрі ел ішінде танымал талай туындының авторы Қалқаман Сарин өзінің өмірлік ұстанымы ретінде ұлы Абайдың тағылымын алға тартып, «Менің өмірдегі басты ұстанымым – «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – деген сөздерін келтірді.Ол өзінің жеке өмірі мен мансабында жетістікке жетуге мүмкіндік берген әділеттілік пен адалдық сияқты өмірлік құндылықтарымен бөлісті.
